Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының реформаларын және «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы сенаторлардың жұмысына тоқталды. Бұл бағытта Палатаның ақпараттық ашықтығына баса мән беріледі.
Сенат жұмысында қызметіміздің ашықтығына және БАҚ өкілдерімен тығыз байланысқа әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Бұл – біз үшін маңызды бағыт. Біз Сенаттың заң шығару қызметін халыққа жан-жақты жеткізуге мүдделіміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері депутаттар қабылданатын заңдардың сапасына терең мән беретінін айтты. Сондай-ақ олар азаматтарды алаңдатқан мәселелерді үнемі көтеріп келеді. Осы жұмыстарды жұртқа жеткізу үшін Сенат дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен және масс-медиамен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді.
Сонымен қатар Палата төрағасы Сенаттың заң шығару қызметін халыққа дәріптеп жүрген журналистердің парламенттік пулын, еліміздегі телеарна, радио, баспасөз редакцияларына алғыс білдірді.
Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында елордамызбен бірге өңірлердегі телеарна, радио, газет, ақпараттық портал және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері бар.
«ПАРАСАТ» БАЙҚАУЫНЫҢ 2022 ЖЫЛҒЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ:
Үздік телевизия материалы – Дастан Сейілханұлы («Хабар 24» телеарнасы) және Яна Гладкова («Astana TV» телеарнасы);
Үздік баспасөз материалы – Абай Отар («Egemen Qazaqstan» газеті) және «Рудный Алтай» Шығыс Қазақстан облыстық газетінің ұжымы;
Интернет-басылымдардағы үздік материал – Айнұр Мұхади («Stan.kz» ақпарат порталы) және Серікжан Мәулетбай («БЕСсимптомно» телеграм-каналы);
Әлеуметтік желілердегі үздік материал – Ербол Сейілхан («Сұрауы бар» YouTube арнасы) және Марат Шибутов (қоғам қайраткері);
«Жаңа Қазақстан» арнайы жүлдесі – үздік сараптамалық материал – Жалғас Алтаев («Qazaqstan» ұлттық телеарнасы) және «Грани» телевизиялық бағдарламасы («Евразия» бірінші арнасы);
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесі – Tengrinews.kz ақпараттық порталының ұжымы және Лаура Түсіпбекова («Казахстанская правда» газеті).