Сенатта масс-медиа туралы заң қаралады

4 Маусым 2024, 00:25
515
Бөлісу:
Сенатта масс-медиа туралы заң қаралады
Фото: senate.parlam.kz

Сенаторлар 6 маусым күні өтетін Палата отырысында "Масс-медиа туралы" және оған ілеспе – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңдарды бірінші оқылымда қарайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, аталған заңдарда қаржыландыру тетіктеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына ескіру мерзімін белгілеуге, БАҚ сауалдарын қарау мерзімдерін қысқартуға қатысты жаңа нормалар ұсынылып отыр.

Сондай-ақ депутаттар энергетика саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге арналған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бірінші оқылымда қарайды.

Халық, шағын және орта бизнес, шаруа және фермер қожалықтарына жаңартылатын энергия көздерінің технологиясын пайдалануды ынталандыру үшін заңға қуаты 200 киловаттқа дейінгі "жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект" ұғымы енгізіледі.

"Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) ратификациялау туралы" заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Келісім заңсыз, хабарланбаған және реттелмеген балық аулауға ықпал ететін субсидиялар беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз етуді көздейді.

Өзгелердің жаңалығы