Сенатта ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелері талқыланды

29 Қараша 2023, 20:11
664
Бөлісу:
Сенатта ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Еліміздің өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы кооперациясының жай-күйі және шаруа қожалықтарын ірілендіру туралы» тақырыбы бойынша кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуді ашқан Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев нарықты дамыту жағдайындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі проблемаларына тоқталды және тек ірі шаруашылықтар ғана мемлекеттен субсидия алатынын, ал шағын фермалардың 3%-ы ғана қолдау алуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Ауыл тұрғындары қоятын ең маңызды сұрақ – кооператив құрудың қандай артықшылығы бар және пайдасы неде? Ауыл тұрғындары көбінесе бұл сұрақтарға нақты жауап ала алмайды және соған орай қандай да бір шешім қабылдай алмайды. Осының өзі құрылған кооперативтердің аздығына басты себеп болуы мүмкін. Бүгінгі кездесу барысында осы және басқа да өзекті мәселелер бойынша пайдалы ұсыныстар мен жүйелі ойлар талқыланады деп үміттенеміз, - деді Әли Бектаев.

Кездесуге қатысушылар отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігін, кооперативті тіркеу кезінде көптеген құжаттар тапсыру жөніндегі талаптар проблемасын және «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Қазақстан Республикасының заңын өзгерту қажеттігін талқылады.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов өз сөзінде қазіргі уақытта ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасы іске асып жатқаны туралы айтты. Әрбір ауылдық округте өндірістік жабдықтар мен материалдық-техникалық ресурстарды өндіру, өңдеу, өткізу, сақтау, жабдықтаумен айналысатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланып отырғаны белгілі болды.

Кеңейтілген отырысқа сонымен қатар сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылығы және Маңғыстау, Түркістан және Абай облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы