Сенатор Сүйіндік Алдашевтің төрағалық етуімен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.
Заңның мақсаты жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Құжаттағы жаңалықтардың ішінде көмірсутегін геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, негізгі жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін жетілдіруге және келісімшартты ұзарту мен жер қойнауы учаскесін кеңейту рәсімдерін жақсартуға бағытталған өзгерістер бар.
Сенаторлар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады.
Заң Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмаларын орындау мақсатында қажетті әдіс-тәсілдерді жинақтай отырып, экспортты ілгерілетудің толыққанды институтын құруды көздейді.
Отырыс қорытындысы бойынша заңдарды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.