Сенаторлар Түркістан облысындағы шалғай аудандардың тұрғындарымен жайылым жерлерінің аздығын талқылады

20 Наурыз 2022, 13:11
1503
Бөлісу:
Сенаторлар Түркістан облысындағы шалғай аудандардың тұрғындарымен жайылым жерлерінің аздығын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар Сарыағаш ауданының шалғайдағы Дарбаза ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі барысында жайылым жерлерінің аздығы мен алқаптардың тозуы мәселелерін талқыға салды. Мұндай жағдай тұрғындарға мал өсіруге қолбайлау болумен қатар, жергілікті сүт өңдеу өндірісінің дамуын да тежейді. Кездесу барысында шаруа қожалықтарының қарамағындағы пайдаланылмайтын жайылым жерлерін қайтару жұмыстарын қолға алудың да маңызды екені атап өтілді.

Жайылым мәселесін шешуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Мәселені шешу үшін Парламент депутаттарының бастамасы бойынша арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Осыдан бірнеше күн бұрын Сенатта оның тұсаукесері өтті. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жайылым жерлерінің мәселесі жақсаруы тиіс деп есептеймін, - деді Әли Бектаев.

Депутаттар Жібек жолы ауылында орналасқан жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты. Мұнда фермерлер көшет өсіреді. Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында еліміз Президентінің таяудағы Жолдауында белгілеген реформалар, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу, коммуналдық қызметтер бағасының өсуі жөніндегі бастамаларының маңызы талқыланды. Аграрлық сала мамандары жылыжай өндірісінің толыққанды дамуына кедергі келтіріп отырған минералды тыңайтқыштардың қымбаттығын да назардан тыс қалдырмады. Осыған байланысты, көшет өсіруді субсидиялау туралы ұсыныс айтылды. Сенаторлар бұл мәселені еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының алдына ұсыну туралы ойларын ортаға салды.

Өзгелердің жаңалығы