Сенат депутаттары мен Палата Аппаратының қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соның аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте 100-ге жуық терек, қарағай және қайың көшеттері отырғызылды.
Экологиялық акция Әл-Фараби даңғылының бойында өтті. Аумақты тазалау және көгалдандыру жұмысына сенаторлар мен Аппарат қызметкерлерінен бөлек, Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, Талдау мектебінің түлектері, Қазақстан бочча федерациясының өкілдері және еріктілер қатысты. Жалпы, елорданың тазалығына бейжай қарамайтын 120-дан астам белсенді азамат жиналды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты жыл сайынғы сессиясында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанының маңызына тоқталған еді. Ел Президенті қоршаған ортаның жай-күйі ортақ жауапкершілік екенін естен шығармау керектігін айтты. Сондықтан қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеу айрықша мәнге ие.
Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Бұл ешқандай да бірреттік іс-шара емес екенін ескертемін. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі. Біз қалалар мен ауылдарды абаттандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Бұл – жалпы азаматтық мәдениетіміздің деңгейін, керек десеңіз ұлтымыздың келбетін көрсетеді. Қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдарды заңмен жауапқа тартамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев