Сенаторлар студенттермен кездесті

24 Мамыр 2022, 18:15
1787
Бөлісу:
Сенаторлар студенттермен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Владимир Волков, Қанатбек Сафинов, Андрей Лукин және Нұрлан Бекназаров Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Депутаттар кездесу барысында қатысушыларға еліміздің Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер туралы айтып, Мемлекет басшысының осы мәселе бойынша жалпы республикалық референдум өткізу туралы шешімі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына толық сәйкес келетінін атап өтті. 

Мемлекеттің жерге, оның жер қойнауы мен байлығына меншік құқығы, өлім жазасына толық тыйым салу, конституциялық сотта конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғау және т.б. сияқты маңызды мәселелер 27 жыл ішінде тұңғыш рет Қазақстанның барлық азаматтарының пікірін ескере отырып шешілетін болады. Біз бәріміз Конституцияға енгізілген маңызды түзетулер үшін дауыс беруіміз керек. Бұл өзгерістер арқылы жүзеге асатын жаңа саяси реформалар демократиялық қайта құруға деген адалдықты көрсетеді, - деді комитет төрағасы Владимир Волков.

Комитет хатшысы Қанатбек Сафинов өз кезегінде республикалық референдум өткізудің маңыздылығын атап өтіп, Конституциялық Соттың азаматтардың құқықтарын қорғау ісіндегі рөліне жан-жақты тоқталды. 

Депутат Нұрлан Бекназаров өнер саласындағы әлеуметтік-мәдени және экономикалық мәселелерді шешудегі мемлекеттің рөлін қозғап, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Университет ағарту ісінің бесігі және ұлттық кәсіби музыкалық білімнің, мәдениет пен өнер орталығы болып табылады. Осы салада қызмет ететін жандардың жаңа Қазақстанның идеологиясын жандандыруда ерекше орны бар және алдағы референдумда Сіздердің дауыстарыңыз өте маңызды, - деді сенатор Лукин.

Владимир Волков кездесуді қорытындылай келіп алдағы референдумның оң нәтижесі азаматтардың белсенділігіне байланысты болатынын атап өтті.                                                                                                                                                                                                      

 

Өзгелердің жаңалығы