Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Сенаторлар заңның кейбір нормаларын қайта қарауды ұсынып, Мәжіліске қайтарды.
Бұл заң жобасы сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, сондай-ақ, банк қызметі саласын реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді мақсат етеді. Соған байланысты заң жобасында жаңа өнімдерді енгізу, жекелеген талаптарды оңтайландыру және қызметтерді цифрландыру сияқты құқықтық шаралар қарастырылған. Тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау сапасын одан әрі арттыруға арналған қосымша тетіктер де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ Сенат заң жобасының кейбір нормаларын қайта қарауды ұсынып отыр, – деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Палата спикері.
Атап айтқанда, сенаторлар жол көлік оқиғасы кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізуді ұсынды. Олар сақтандыру омбудсмені барлық сақтандыру дауларын міндетті түрде сотқа дейін реттеу тәжірибесін енгізу қажет екеніне назар аударды.
Сенат депутаттары ұсынған осы және басқа да түзетулерді қамтитын заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.