Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысына референдумды түсіндіру мақсатында жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Қаниев пен Мұхтар Жұмағазиев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.
Алдымен сенаторлар оқу орнының тұрмыс-тіршілігімен танысып, университет басшылығымен тілдесті.
Одан кейін университет ғимаратында өткен кездесуде Мәжіліс депутаттары 5 маусымда өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
Елімізде Конституция екі жолмен өзгереді: бірі – референдум, екіншісі — Парламент арқылы. Бұған дейін Ата-заңымызға Парламент арқылы төрт рет өзгерістер енгізілді. Ал биылғы референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі басқосуды пайдаланып, баршаңызды осы саяси маңызды шараға атсалысуға шақырамын, - деді сенатор Бауыржан Қазиев.
Мәжіліс депутаты Мұхтар Жұмағазиев жиналғандарға бұл конституциялық реформа халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне оң әсер ететінін, сондай-ақ қазақстандықтардың билікке деген сенімінің артуына үлкен серпін беретіндігін жеткізді.
Осыған дейін халық «Ата Заңға өзгерістер енгізуге біз неге қатыспаймыз?» деген пікір білдірді. Міне, соны жан-жақты саралаған Мемлекет басшысы биылғы референдумды өткізу туралы бастама көтерді. Бұл ауқымды жұмыс болса да, өте құптарлық іс. Біз, депутаттар — халықтың өкіліміз, бізді ел сайлап отыр, сондықтан осындай маңызды сәтте ел арасында жүргеніміз дұрыс деп есептейміз. Халыққа айтарымыз, бұл өзгерістер елдің әл-ауқатын жақсартуға, біздің өркениетті елдердің қатарына қосылуымызға үлкен мүмкіндік, - деді Мұхтар Жұмағазиев.
Кездесуде сенаторлар оқытушылардың референдумға қатысты ой-пікірлерін тыңдап, олардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ өңірдің білім саласындағы жаңалықтарына үнемі құлақ түріп отыратындарын атап өтті.
Шара соңында университет ұжымы депутаттарға ризашылықтарын білдіріп, бірауыздан референдум өткізу бастамасын қолдайтынын жеткізді.