Сенаторлар өңірлерде суды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады

20 Қазан 2023, 15:45
554
Бөлісу:
Сенаторлар өңірлерде суды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді. Онда Алматы және Жетісу облыстарындағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу еліміз Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында өтті.

Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде су мәселесі Орталық Азия елдері арасында осы сала бойынша жаңа сипаттағы қарым-қатынастар қалыптастыруды талап ететінін атап өтті. Сондықтан, сенатордың пікірінше, өзекті мәселелерді шешуде қазақстандық дипломатияның мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалану аса маңызды.

Комитет су үнемдеу технологиясын енгізуге, суару желілері мен сумен жабдықтаудағы ирригациялық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар өткізді, сондай-ақ Үкіметке ұсынымдар мен депутаттық сауалдар жіберді. Салалық дербес мемлекеттік органның құрылуы осы күрделі мәселені тиімді шешуге ықпал ететін болады деп санаймыз, - деп атап өтті сенатор.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов өз кезегінде парламентшілерге су шаруашылығы кешені жұмысының басым бағыттары, сондай-ақ су ресурстарын үнемді және тиімді пайдалану жөнінде жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

Кездесуге сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Алматы және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ «Қазсушар» кәсіпорны филиалдарының өкілдері мен мамандары қатысты

Өзгелердің жаңалығы