Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылау шараның басты тақырыбы болды.
Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты аша келіп, заңнаманы жақсарту мәселелері еліміздің азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.
Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту туралы, есірткіге байланысты, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыстар және басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңдар қабылданды. Сондай-ақ, қылмыстық процестегі үш буынды үлгінің тартымды тұстары бар - деді ол.
Владимир Волков Сенаттың сот жүйесін жетілдіру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді, оның қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетін болады.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ол көшпелі отырысты Шымкентте өткізудің маңыздылығын атап өтті және өткізіліп жатқан сараптамалық талқылаудың және жағдайды «жергілікті жерлерде» зерделеудің нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев өз кезегінде Бас прокуратураның қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде жүргізген жұмысының қорытындысы мен Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы туралы депутаттарға айтып берді.
Шара барысында Ішкі істер министрлігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының өкілдері де баяндама жасады.
Сенаторлар сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттарымен, жергілікті полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді және қалалық сотта болды, медиация орталығының қызметімен, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды ұстау шарттарымен танысты.