Сенаторлар бұқаралық спорт пен параспортты дамытудағы проблемалық мәселелерді зерделеді

12 Қараша 2024, 20:36
266
Бөлісу:
Сенаторлар бұқаралық спорт пен параспортты дамытудағы проблемалық мәселелерді зерделеді
Фото: сенат

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Паралимпиадалық жаттығу орталығында және №5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттардың сапары жас спортшылардың, оның ішінде мүгедектігі бар спортшылардың жаттығуы мен даму жағдайын жан-жақты түсінуге және зерделеуге бағытталған. Сенаторлар спорт алаңдары мен жаттығу залдарын аралады, Қазақстандағы бұқаралық спорт және параспорт саласы алдында тұрған өзекті мәселелер туралы білу үшін мекемелердің жаттықтырушыларымен және қызметкерлерімен сөйлесті. Орталық пен мектеп өкілдері депутаттармен әңгіме барысында мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өте келіп, спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға үміт артатынын жеткізді. Ол спортты халықтың барлық тобына қолжетімді етуге және белсенді өмір салтына адамдарды көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Сапар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы «Бұқаралық спорт пен параспорттың қазіргі жағдайы мен даму тенденциялары» тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстелге дайындық аясында жүзеге асты. Сенаторлар сапар қорытындысы бойынша жергілікті жерлерде естіген пікірлер мен ұсыныстар дөңгелек үстел отырысына дайындық кезінде және Қазақстандағы бұқаралық спорт жүйесін одан әрі жақсарту жөніндегі жұмыс барысында міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы