Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Шығыс Қазақстан облысындағы комитеттің көшпелі отырысы барысында ауыл шаруашылығы кооперациясын енгізу мәселелерімен танысты.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізді. Онда ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі мен кооперациясын дамыту мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылады.
Комитет төрағасы Әли Бектаев көшпелі отырысты аша келіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі мен кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Салада сонымен қатар осы саладағы кооперация мен кәсіпкерліктің дамуын тежейтін проблемалар бар. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өткізу, жеке инвестицияларды тарту, сондай-ақ инновациялық әлеуетті пайдалану жөніндегі жұмысты жандандыру қажет, - деді сенатор Әли Бектаев.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов отырыс барысында баяндама жасады. Ол сенаторларға өңірді дамытудың басымдықтарының бірі агроөнеркәсіп кешені, атап айтқанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы болып табылатынын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кездесуге қатысушыларға ел ауқымында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол ауылшаруашылық кооперациясы тиімсіз болған жағдайлардың себептері туралы да айтты. Әдетте, бұған фермерлерге деген сенімнің, ынта-ықылас пен хабардарлық деңгейінің төмендігі, материалдық-техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі және кооперативтердің қалыптасу кезеңіндегі капиталдандырудың әлсіз деңгейі әсер етеді. Осыған байланысты ол министрлік агробизнес субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешенін іске асырып жатқанын хабарлады.
Отырыс барысында сондай-ақ, ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов, сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Ерлан Баттақов, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев сөз сөйледі.
Комитеттің көшпелі отырысының қорытындысы бойынша оған қатысушылар ұсынымдар әзірледі. Ол ұсыныстар ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі мен кооперациясын дамыту бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін Үкіметке жіберілетін болады.