Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғ.Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында халықпен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттар кездесулерде атом электр станциясын салу туралы алдағы референдумға қатысты өзекті тақырыптарды талқылады. «Агро-Есіл» ЖШС, «Намыс» ЖШС және Ставрополь орта мектебінің еңбек ұжымдарымен қызу пікірталас өрістеді. Талқылау барысында АЭС құрылысына қатысты экологиялық және экономикалық мәселелер, сондай-ақ оның Қазақстан азаматтарының өміріне әсері атап өтілді. Кездесуге қатысушылар сенаторлар берген түсініктемеге орай өз алаңдаушылықтарын білдірді.
Атом электр станциясын салу – біздің болашағымыздың мәселесі екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан ойласа отырып, салмақты шешімге келу керек. Бізге және балаларымызға болашақтың қандай болатынын референдум қорытындысы паш етеді, - деді Ольга Перепечина.
Сенаторлар азаматтардың референдумға қатысу маңыздылығы туралы айтты.
Әрбір азаматтың референдумға қатысуы маңызды. Бұл барлық қазақстандықтардың өз пікірін білдіру және еліміздің болашағына әсер ететін шешімге белсенді қатысу құқығы, – деп атап өтті депутат Әсем Рахметова.