Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нурия Ниязова мен Жанна Асанова Алматы қалалық мәслихаты депутаттарымен және қоғамдық кеңесімен бірлесе отырып халыққа қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік қағидалары мен санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуы тұрғысынан қаланың ойын-сауық парктерінің қызметін көріп шықты.
Депутаттар ойын-сауық саябағында, балалардың ойын-сауық орталығында, Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында болды. Аттракциондар мен балаларға арналған ойын алаңдарындағы қауіпсіздік жағдайы мен келушілерге қызмет көрсету сапасын бағалау, сондай-ақ саябақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен гигиеналық жағдайды сақтауды тексеру қоғамдық байқаудың басты мақсаты болды. Депутаттар келушілердің жағдайына, аттракциондардың жарамдылығы мен пайдаланылуына назар аударып, жабдықтардың техникалық регламентке сәйкес қауіпсіздіктің барлық талабын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі қоғамдық байқау Алматы қаласы азаматтарының мүддесін қорғауға және оларға ойын-сауық саябақтарында қауіпсіз және жайлы демалысты қамтамасыз етуге бағытталған, - деп атап өтті Нурия Ниязова.
Байқаудың нәтижесі ҚР Парламентінің кезекті сессиясының басында Сенат депутаттарына балалар аттракционы жұмысының сапасын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң шығару қызметіне ұсынылатын болады.