Сенатор утильалымнан түскен қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығына жұмсауды ұсынды

10 Наурыз 2022, 12:01
1978
Бөлісу:
Сенатор утильалымнан түскен қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығына жұмсауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әли Бектаев Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалға аграрлық сектордағы қордаланып, түйіні шешілмей отырған бірнеше проблема себеп болып отыр.

2022 жылдың 2 айдан аса уақыт өткеніне қарамай, ауыл шаруашылығын субсидиялау тәртібі әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Биыл осы мақсатта бөлінетін республикалық трансферттер көлемі азайып, субсидияландырудың түрлері қысқарып, оларды бөлудің тәртібі өзгеретін сияқты. Әрине, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексерулерінен кейін аграрлық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан 2-3 айдың көлемінде жасалатын мәселе емес, - дейді сенатор.

Оның сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болуы мүмкін.

Құрғақшылық, судың тапшылығы, минералды тыңайытқыштардың қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақстанға ағылуы күтіліп отыр. Ол біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осы ретте аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да сала проблемасын күрделене түсетіні аны, - деп айтты Әли Бектаев,

Сенатордың айтуынша, субсидиялау тәртібінің таныстырылымына қатысты өткізілген отырыста қаржылай қолдаудың ақпараттық жүйесі 2022 жылдың 1 шілдесінде ғана дайын болатыны айтылған. 

Оңтүстікте басталып кеткен көктемгі дала жұмыстарының проблемалары жетерлік. Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, суға қатысты түйінді мәселелердің бірде-бірі шешілген жоқ. Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқ-астынан өзгертілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, биыл ауыл шаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет. Мүмкін «Жасыл Даму» АҚ есепшотындағы утильалымнан құралған 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық салаға жұмсаған дұрыс болар?! Қазіргі таңда халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ, - деп айтты Әли Бектаев.

Өзгелердің жаңалығы