Сенаторлар Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын жақсарту мәселесін медицина қызметкерлерімен бірге талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Алишер Сатвалдиев Шымкенттегі №1 және №2 қалалық ауруханалардың жұмысымен танысты.
Депутаттар бүгінгі күнге дейін № 1 қалалық ауруханада бүйрек трансплантациясы бойынша 225 операция және бауыр трансплантациясы бойынша 35 операция жасалғаны туралы хабардар болды. Депутаттармен кездесу барысында дәрігерлер органдар донорлығына қоғамда оң көзқарас қалыптастыру, донорлар тапшылығының алдын алудың заңнамалық тетіктерін жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
№2 қалалық көпсалалы ауруханада сенаторларға нейрохирургия орталығының жұмысы туралы айтылды. Мұнда Ұлттық нейрохирургиялық орталықтың білікті дәрігерлері жұмыс істейді, сондай-ақ инсульт алған пациенттердің жан-жақты қалпына келуіне мүмкіндік беретін ангиографиялық құрылғы орнатылған. Алайда, мекеме басшылығының айтуынша, аурухана қаржының жетіспеушілігіне байланысты өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай келеді. Өйткені жоғары технологиялық медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге қажетті қаржы өтінімге сәйкес толық төленбей отыр.
Сенаторлар Шымкенттегі екі клиникалық аурухананың жағдайымен танысты және осындағы проблемаларды бақылауға алатын болды. Сапар барысында науқастар тап болатын проблемаларды шешу жөнінде тиісті мекемелердің өкілдерімен мәселелерді талқылады.