Сенатор Шымкент қаласындағы инфрақұрылым нысандарымен танысты

30 Шілде 2024, 13:27
370
Бөлісу:
Сенатор Шымкент қаласындағы инфрақұрылым нысандарымен танысты
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы №6 емхананың қызметімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Емханада консультативтік-диагностикалық бөлімше, отбасылық денсаулық сақтау орталығы, емдеу-алдын алу бөлігі және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі жұмыс істейді. Дәрігерлер мұнда 22 сала бойынша кеңес береді, диагностикалық және зертханалық зерттеу жүргізеді және психологиялық көмек көрсетеді.

Сенатор кездесу барысында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесін денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және медициналық мекеме қызметкерлерімен бірге талқылады.

Нұрлан Бекназаров денсаулық сақтау саласының міндеті – азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және денсаулығын жақсарту екенін атап өтті. Сала қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы медицина саласын қаржыландыру өсе түсуде. Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты – ұлт денсаулығы болып табылады.

Депутат «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бозарық» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлерді де аралады. Қазіргі уақытта Шымкентте жетім балаларды, көп балалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін қосқанда барлығы 49 736 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Сенатор аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды және құрылыс жұмыстарының сапасын атап өтті.

Мемлекет басшысы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясаттың басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Қолжетімді баспана – халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізі болып отыр. Мемлекет осыған байланысты тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар бағдарламаны іске асыра бастады, елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл мәселе біздің назарымызда болады, - деді Нұрлан Бекназаров.

Сенатор «А-2 Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сенатор жүк машиналарын қала сыртымен жүргізу үшін айналма жолдың маңызына тоқталды және қаржыны тиімді жұмсау мен құрылыс сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы