Сенатор Шығыс Қазақстандағы елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты

22 Тамыз 2019, 13:35
1862
Бөлісу:
Сенатор Шығыс Қазақстандағы елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында және Глубокое ауданында болды.

«Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында сенатор Дүйсенғазы Мусин Риддер қаласында болды. Сенатор №2 орта мектептің педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді. Мұғалімдер өз тарапынан «Педагогтың мәртебесі туралы» Заң жобасына бірқатар ұсыныстарын айтты. Д.Мусин, сондай-ақ «Золотая рыбка» және Риддер қалалық ауруханасының ұжымдарымен кездесу өткізді. Медицина қызметкерлері өз саласындағы мәселелері мен жетістіктерімен бөлісіп, кездесуде медициналық сақтандыру, цифрландыру және озық әдістемелерді қолдану реформаларының барысы талқыланды», - деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Мәліметке сай, «Алтай ботаникалық бағы» РМК қызметкерлері агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы қалыптастыруға қатысты бірқатар сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.

Глубокое ауданында сенатор Д.Мусин ауданның агроқұрамаларының қызметімен танысып, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.

IMG-20190821-WA0025.jpg

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі ауыл шаруашылығындағы реформалардың жүзеге асу барысына назар аударып, Парламентке ұсынылған «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң жобасы туралы шаруалар мен мәслихат депутаттарының пікірін сұрады.

Облыстық мәслихат депутаты, «Семена масличных» шаруа қожалығының басшысы Людмила Цыбенко сенаторға егістіктер мен тәжірибелік жер телімдерін көрсетіп, осы маусымда дәнді және майлы дақылдардың қандай сұрыптары мен будандары өсірілгені туралы айтып берді.

Сенатор, сондай-ақ Весёловка елдімекеніндегі «Виситаев» шаруа қожалығында болды. Шаруа қожалығының басшысы Тимур Виситаев ауылшаруашылығы техникасының паркімен таныстырып, күнбағыс, бидай және рапстың тәжірибелік жер телімдерін көрсетті. «Осындай басшылардан үйреніп, ауылшаруашылығын дамыту керек», - деп атап өтті сенатор.

Өзгелердің жаңалығы