Елімізде дәрілік өсімдіктер шамадан тыс жиналып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өсімдіктер дүниесін қорғау және олардың биоалуандығын сақтау мәселелері бойынша Сенатта өткен дөңгелек үстелде сенатор Әли Бектаев мәлімдеді.
Еліміздің территориясы үлкен болғандықтан табиғаты да ерекше әрі алуан түрлі. Әртүрлі климаттық жағдай нәтижесінде Қазақстанда 13 мыңға жуық флора түрі бар, 6 мыңға жуығы жоғары өсімдік түрі болып саналады. Сондай-ақ, 500-ден астам енгізілген өсімдік таксондары өседі. Қазақстан флорасының байлығы 108 реликт және 299 эндемик түрмен толықтырылып, олардың ішінде 600-ден аса сирек және жойылу қаупі бар өсімдіктер, оның 387-сі Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл деректер – өсімдіктер дүниесін қорғау жұмысының маңызын айқын көрсетеді, - деп атап өтті депутат.
Айтуынша, өсімдіктер дүниесін қорғау және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мемлекет соңғы жылдары кешенді шаралар жүргізуде. «Өсімдіктер әлемі туралы» ҚР Заңы қабылданып, осы жұмыстың құқықтық негізін қалыптастырды.
Алайда ол заңның орындалуында және салада күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. Пайдалы өсімдік қорына түсетін ауыртпалық жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, дәстүрлі медицинада көп қолданылатын, құрамы бірегей белсенді заттарға бай дәрілік өсімдіктердің шамадан тыс жиналуы алаңдатады. Мысалы, сұранысы ең жоғары түрлердің бірі – мия өсімдігі. Ол Қытай, Түркия сияқты елдерге экспортталады. Соңғы мониторинг бойынша оның Іле мен Қаратал аймақтарында азайып жатқанын байқауға болады. 2022 жылы шетелге 5 102 тонна құрғақ мия тамыры экспортталды, ал орташа жылдық көлем 5 675 тонна шамасында. Бұл ұсынылатын жинау шегінен жоғары, яғни заңсыз айналым бар деген сөз, - деді Әли Бектаев.
Осы себепті бірқатар шаруашылық маңызы бар өсімдіктерді жинауға шектеулер енгізілген.
Бүгінде қандай өсімдіктерді тегін пайдаға жаратуға болады, қандай өсімдіктерді қолдануға тыйым салынғаны жөнінде қарапайым азаматтар тегіс біле бермейді. Соның ара-жігін уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Алдағы кезеңдегі басым бағыттар – мониторинг пен болжамды тиімді жүргізу, пестицидтерді қауіпсіз қолдану, биологиялық әдістерді кеңейту, ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру және халықаралық серіктестікті нығайту, - деді сенатор.