Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламенттің кезекті сессиясындағы Сенаттың алғашқы отырысында сенатор Әлімжан Құртаев айтты. Депутаттық сауал жолдаған ол қасиетті Отырарды жаңғырту мәселесін көтерді.
Сенатордың айтуынша, соңғы жылдары Түркістан қаласы қарқынды дамып келеді, ал Отырардың дамуы айтарлықтай артта қалып отыр. Осыған байланысты депутат екі қаланы да қатар дамытуды ұсынады, себебі олардың екеуі де біздің халқымыз үшін тарихи және қасиетті орын.
Сондықтан ұлы бабаларымыздың отаны саналатын киелі Отырар мен ежелгі Түркістанды абаттандыру мен дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдау - бәріміздің азаматтық парызымыз, - дейді сенатор.
Депутат 2005 жылы Елбасы Отырарға арнайы келгенін және Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдырудың маңыздылығын атап өткенін еске салды. Сондай-ақ бір жыл бұрын ежелгі Отырарды қалпына келтіру туралы Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын.
Алайда кейіннен Отырарды тарихи және мәдени-туристік орталыққа айналдыруға бағытталған құжатты жүзеге асыру қағаз жүзінде ғана қалды, - деді Әлімжан Құртаев.