Сенатор: Органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында

27 Маусым 2023, 10:42
1114
Бөлісу:
Сенатор: Органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Бұл туралы Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Мәжілісте өткен жалпы отырыста айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Әли Бектаев Мәжілісте «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» Қазақстан заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Жаһандану жағдайында елімізде бәсекелестікке белсенді ауыл шаруашылығын қалыптастыру үшін осы саладағы күрделі мәселелерді шешу маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы өте зор. Өйткені ол перспективалық бағыт және аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді, - деді сенатор.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120 млн еуро. Соңғы 20 жылда оның көлемі 7 есеге өсті. Яғни сала әлемдік трендке айналып отыр.

Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орында, Еуроодаққа органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-орында тұр.

2015 жылы «Органикалық өнімдерді өндіру туралы» заң қабылданған болатын. Алайда бұл заң сала мамандары мен сарапшылардың пікірі бойынша отандық органикалық өнім өндірушілердің заңды мүдделерін толық қорғай алмай отыр. Сондай-ақ органикалық өндірісті жүргізудің халықаралық тәжірибесіне сай келе бермейді, - деп айтты Әли Бектаев.

Осыған байланысты VII шақырылымның Парламент депутаттарының бастамасымен «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы», «ҚР-ның заңнамалық актілерге органикалық өнім өндіру және оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқықбұзулық туралы Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі.

Заң жобаларының негізгі мақсаты – органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Заң жобаларының жаңа нормалары қандай?

- органикалық өнім өндіру мәселелерін ғана емес, олардың өнім айналымы мәселелерін де реттейді.

- органикалық өнімнің табиғаты мен қасиеттеріне қатысты тұжырымдамалау ұғымдары жетілдірілді. Яғни «органикалық өнім, «органикалық өнім айналымы», «органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі», «органикалық өнімді таңбалау» және т.б. жаңа ұғымдар енгізіліп отыр.

- өнімді емес органикалық өнімді өндіру процесін сертификаттау ұсынылады. Бұл тәсіл өнідіріс процесін нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

- органикалық өнідірісті сертификаттау әлемдегі жетекші өндірушілер мен экспорттаушылар тәжірибесіне орай сату нарығының сұраныстары мен қадағалауына байланысты жүзеге асырылады.

- органикалық өнім өндірушілердің топтық сертификаттаудан өту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл органикалық өндірушілерді кооперациялау мен біріктіруге және нақты өндіруші үшін сертификаттау шығындарын төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар заң жобасы арқылы органикалық өнімдердің сапасын бағалауға, Қазақстанға импортталатын органикалық өнімді жеткізуге, таңбалауға және өткізуге, сала бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттеріне қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді, - деп айтты сенатор Әли Бектаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы