Сенат депутаты Руслан Рүстемов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында мұнай өндіру көлемінің төмендеп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сөзінше, қазіргі уақытта Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемінің төмендеу үрдісі байқалып отыр. Соңғы 10 жылда мұнай өндіру 60 пайызға қысқарған.
Облыста 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2023 жылы болжамды деректер бойынша 3,5 млн тонна. Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар мұнай өнімдерінің 80%-ын ішкі нарыққа, қалған 20%-ын экспортқа өткізіп келеді. Мұнайдың ішкі нарықтағы құны екі есе төмен екені белгілі, - деді сенатор.
Сөзінше, 2017 жылдан бері Энергетика министрлігі Қызылорда облысына “мұнай экспорт” квотасын ұлғайту мәселесі жаңа жоба іске қосылғаннан кейін ғана техникалық мүмкін болады деген ұстанымда болып келген.
Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда 2021 жылы ол қолданысқа берілгенімен Энергетикк министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екенін білдіріп отыр. Демек Энергетика министрлігі Қызылорда облысындағы мұнай қорының болжамды есебін неге дұрыс жоспарламаған деген сұрақ туындайды. Осы ұстанымның салдарынан өңірдегі мұнай өндіруші компаниялар және олардағы сервистік мекемелер қиын жағдайға қалып отыр, - деді Руслан Рүстемов.
Сенатор атап өткендей, мұнай саласындағы сервистік мекемелердің тарифі соңғы 10 жылда индекстелмеген. Депутат осы мәселені Үкімет егжей-тегжейлі қарап, қолдау тапқан жағдайда Қызылорда облысындағы өзекті әлеуметтік проблемалардың шешімі табылады.
Қызылорда облысында мұнай саласында қалыптасқан түйіткілді мәселені шешу мақсатында бөлінген “мұнай экспорт” квотасын 50 пайызға ұлғайту мүмкіндігін қарауды сұраймын, - деп айтты Рүстемов.