Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кездері жұмыртқа мен құс еті жиі қымбаттап жатыр. Оның негізгі себептерінің бірі жем-шөптің қымбаттауынан болып отыр. Бұл туралы Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов айтты.
Ол мәселені шешу үшін Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.
Кейінгі кезеңде көптеген жем-шөп 1,5-2 есе қымбаттады. Сонымен қатар Қазақстан шетелден асыл тұқымды құстарды, үнемі қымбаттап бара жатқан дәрумендік қоспалар мен басқа да керек-жарақты сатып алуға мәжбүр.
Соңғы уақытта құс өнімдерінің бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. Оның тағы бір себебі, құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусь елінен әкелінеді, - дейді депутат.
Оның айтуынша, одан бөлек Қазақстанда құс тұқымдары жоқ. Оларды шетелден алдыруға мәжбүр болып отыр.
Тиісті құрал-жабдықтар мен қажетті дәрумендер де өзге елден келеді. Бізде жем-шөптен басқа ештеңе жоқ деуге де болады. Бағаның өсуіне әкелетін мәселелерді шешу үшін құс өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет, - дейді Сұлтан Дүйсембинов.
Ол кейбір отандық құс фабрикалары қазір жабылу алдында тұрғанын атап өтті. Сенатор осыған байланысты сала кәсіпкерлері үшін Үкімет лайықты жағдай жасауы тиіс деп санайды.
5 жылға несие каникулын ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру сыйақылары жарнасын субсидиялау және асыл тұқымды құсты сатып алу, жем-шөп қорын құру, әкімшілік тосқауылдарды жою және жосықсыз бәсекелестіктен қорғау бар, - деді депутат.