Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының бүгінгі отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин азық-түлік бағасын бір қалыпта ұстап тұру шараларын ұсынды.
Уақыт өткен сайын азық-түліктің бағасы өсіп келеді. Ал Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері қабылдап жатқан шаралар халықтың азық-түлік тауарларына физикалық және экономикалық қолжетімділігін толығымен қамтамасыз ете алмай отыр. Осы мәселеге назар аударған сенатор Дүйсенғазы Мусин Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.
Осыған байланысты ол Үкіметке көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салуды ұсынды. Мұндай шешім бірінші кезекте қажет тауарлардың бағаларын өсірмей ұстап тұруға ықпал етеді.
Көтерме-тарату орталықтарының мәртебесі және оның қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, оларға бастапқы кезде мемлекеттік қолдау шараларын белгілеу маңызды. Осыған байланысты, көтерме-тарату орталығының ғимаратын салу және жабдықтарын сатып алу құнының 25 пайызына инвестициялық салымдарды өтеуді субсидиялауды бекіту қажет. Сондай-ақ мұндай орталықтардың өндірістік инфрақұрылым мәселелеріне де ерекше назар аударған жөн, – дейді Дүйсенғазы Мусин.