Сенатор: Бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздардың бірлігі қажет

22 Қараша 2021, 13:18
2008
Бөлісу:
Сенатор: Бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздардың бірлігі қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар қаласында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты аймақтық ата-аналар форумы өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форум болашақ ұрпақтың кемел адам болып қалыптасуында ата-ана рөлінің маңыздылығына назар аудартып, педагог мәртебесін насихаттау мақсат етті. 

Форумның ашылу салтанатында ҚР Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт сөз сөйлеп, жиынның маңызын атап өтті.

Отбасы саясаты әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі. Отбасылардың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсартуға бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық, құқықтық, ғылыми, ақпараттық және кадрлық формасын айқын ету қағидаттары бағалау жүйесін білдіреді. Бүгін бірлестік  ұйымдастырып жатқан іс-шара да осының айқын дәлелі деп есептеймін. Баланың бас ұстазы ең бірінші кезекте ата-ана. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша іс алға баспайтыны анық. Баланың сырын да, мұнын да ата-анасынан артық ешкім біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздардың бірлігі қажет. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана бүкіл күрделі мәселенің түйіні шешіледі, – деді Дана Нұржігіт.   

Дана Нұржігіт жалпы бала тәрбиесінде туындаған мәселелерді шешу жолында  мемлекет тарапынан психологтардың көмегін де ұсыну қарастырылып жатқанын айтты. Сессияның алғашқы отырысында бүгінгі пандемиялық ахуалдан кейінгі жағдайда психологтардың көмегі балаға қажет екенін айтып, үкіметке ұсыныс жолдағанын жеткізді. 

Президентіміз тұжырымдамасында айтқандай, халық үніне құлақ асатын мемлекет болғандықтан, біз қоғамнан пікір күтеміз, біз қоғамның ойына құлақ түреміз.  Бүгінде билік тек қана вертикалды жұмыс істеуі жеткіліксіз. Біз бала тәрбиесінде команда болып жұмыс істеуіміз керек. Баланы ұжыммен дайындайтын болсақ, біздің балаларымыз міндетті тұрде Қазақстанның болашағын өркендететін Отанына адал, білімді ұрпақ болатыны сөзсіз, – деді сенатор. 

Пленарлық отырыста «Сенімен болашақ» РҚБ-ның төрағасы Ғалымбек Бермағанбетов, бірлестіктің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, Павлодар педагогикалық университеті Жоғары педагогика мектебінің ғылым және интернационалдандыру бойынша вице-деканы  Алтынай Мұрзатаева, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия директоры Салтанат Шабажанова  сөз сөйлеп, форумның жұмысына сәттілік тіледі. 

Бұдан кейін шара бала тәрбиесі саласындағы гуманды педагог, отбасылық коуч Асхат Абжановтың орыс тілінде «Семья или работа»,  отбасы маманы, педагог-коуч Ғалымбек Бермағанбетовтың  «Жасөспірім және отбасы», педагог-профориентолог Нариман Өтеубаев орыс тілінде «Искусство ошибаться» тақырыбы төңірегіндегі семинар-тренингіпен жалғасты. Сонымен бірге спикерлер ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, ой-пікірлерін ортаға салды.

«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға тек Павлодар қаласының тұрғындары ғана емес, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының да ата-аналары қатысып, құнды ақпараттар алды. 

Бүгінгі форумда айтылғандар қоғамда бар және ең өзекті мәселе. Қоғаммен бірлесіп әрекет естсек, өзіміз үшін де, еліміз үшін де пайдасы зор. Жан-жақтан ата-аналар келіп қатысып жатқаны көңіл қуантады. Өзім үшін түйген нәрсе көп. Бүгінде баланың санасы сергек болуы үшін ата-ана тәрбие ауанын материалдық ортамен шектемей, рухани бағытқа да бұрғаны жөн, – деді шараға қатысқан ата-ана Салтанат Кулжанова.  

Шара соңында қатысушылардың форумнан қандай ой түйген айтты. 

Өзім үшін көп білім алдым деп есептеймін. Мысалы, әйелімен қарым-қатынасқа тоқталсам. Біз, еразаматтар, жұмыс жүріп, әйелімізбен дұрыс сөйлеспейді екенбіз. Форумнан кейін  неге отбасымен таңғы асқа бармасқа деп ойладым. Баламен жиі сөйлесіп, әкесімен құрбысындай ойын ашық айтуға үйрету керек. Бірақ әр баланың әңгімесін тыңдап, оған ақылын айтып отыруға ата-аналар уақыт таба бермейді. Міне, осы қателікті жөндеуіміз керек, – деді Тілек Дәуренұлы.

Өзгелердің жаңалығы