Сенатор Авиация академиясының қызметімен танысты

31 Желтоқсан 2024, 11:41
273
Бөлісу:
Сенатор Авиация академиясының қызметімен танысты
Фото: сенат

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Алматыдағы жұмыс бабындағы сапары барысында Азаматтық авиация академиясында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатор оқу орнының басшылығымен және оқытушылар құрамымен кездесу өткізді, сондай-ақ Академияның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Нұртөре Жүсіп өз сөзінде авиация экономиканың негізгі саласының бірі екенін айта келіп, әуедегі жолаушылар тасымалын одан әрі дамыту үшін Қазақстанға заманауи жабдықтармен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық стандарттарға сәйкес саланы дамытуға қабілетті жоғары білікті мамандар болуы керек екенін жеткізді. Елімізге және одан тыс жерлерге авиация саласына кадр даярлайтын Азаматтық авиация академиясы маңызды орталық болып табылады.

Қазақстанның Азаматтық авиация академиясы азаматтық әуе жолына жоғары білікті мамандарды даярлауда шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ саланы қажетті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, еліміздегі авиацияның тұрақты дамуына ықпал етіп келеді. Оқытудың заманауи әдістерін қолдану, халықаралық әріптестермен белсенді ынтымақтастық және жоғары білікті оқытушылар құрамы академияны авиация саласындағы білім беру ісі мен ғылыми ізденістің маңызды орталығына айналдырды. Оның түлектері кез келген қауіп-қатермен күресуге және Қазақстанның авиация саласының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге дайын, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор академия басшылығымен және оқытушыларымен әңгіме барысында әуе кемелерін басқару ісі ауқымды теориялық білімді қажет етумен қатар тағылымды тәжірибені талап ететін жауапты мамандықтың бірі екеніне тоқталды. Тіпті жоғары технологиялық басқару жүйесімен жабдықталған заманауи ұшақтар да сапалы дайындалған мамансыз ұшу қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Бұл мәселеде академияның жауапкершілігі өте зор.

Авиациядағы қайғылы оқиға барлық адамда күйзелу мен қорқыныш туғызады. Әзербайжан авиакомпаниясы ұшағының Ақтау маңында апатқа ұшырауына байланысты қаза тапқан экипаж да, жолаушылар да олардың отбасыларына ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі авиация саласына ерекше назар аударып отыр. Мәселенің маңызды сұрағының бірі: азаматтық авиация саласында кадр даярлау қаншалықты тиімді жүріп жатыр және болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау қажет? Ақтау маңындағы ұшақ апаты авиациядағы қауіпсіздік тек технологияға ғана емес, мамандардың біліктілігіне байланысты екенін еске салды. Азаматтық авиация саласында жоғары санатты кадр даярлау барлық мемлекеттер мен авиацияға қатысты оқу орындарына басымдық болуы тиіс. Мамандарды соңғы техника бойынша оқытып қана қоймай, олардың моральдық-психологиялық дайындығына, сондай-ақ авиация саласының жалпы қауіпсіздігін арттыруға баса назар аудару маңызды. Тек кешенді тәсіл мен тұрақты жетілдіру ғана қауіптерді азайтуға және болашақта қайғылы оқиғаларды болдырмауға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Нұртөре Жүсіп білім беру ісін жоғары деңгейде ұстау туралы айта келіп, Азаматтық авиация академиясының басшылығы мен оқытушылар құрамына оқытудың озық әдістерін енгізуді және оқу процесін жетілдіре беруге тілектестігін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы