Сенатор Амангелді Нұғманов ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің қызметімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара барысында 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында жедел мақсаттағы батальондар қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша – 128, бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде – 18, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша 182 тапсырма және тағы басқа да міндеттерді орындағаны айтылды. Сондай-ақ биыл наурыз-маусым айларында жеке құрам Ақтөбе мен оған іргелес облыстарда болған су тасқынының салдарын жою жұмыстарына да белсенді қатысты.
Депутат мемлекет өңірлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, гарнизондарда және жалпы Қарулы Күштердің өңірлік қолбасшылықтарында қызмет өткеру шарттарына ерекше назар аударатынын атап өтті.
Бүгінде Ұлттық ұланның әскерлері елдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында айрықша маңызға ие. Сот процестерін қамтамасыз ету және тергелгендерді атқарушы жүйе мекемелеріне айдауылмен алып жүру сияқты міндеттерді де мүлтіксіз орындап келеді. Көктемде жеке құрам су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету ісінде белсенділік танытты. Осындай сын-сағат әскеріміздің дайындығы мен жедел әрекетін көрсетеді. Сондай-ақ елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету кезіндегі рөлін айшықтай түседі, – деді Амангелді Нұғманов.
Сонымен қатар, сенатор еліміздің Қарулы Күштерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтауды одан әрі жетілдірудің маңызды екенін атап өтті. Одан бөлек, жастарды тәрбиелеу және әскери-патриоттық қозғалысты дамыту үшін әскери қалашықта әскери-патриоттық орталық құру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Депутат Ұлттық ұлан әскерлерінің қызметін жақсартуды көздейтін барлық ұсыныс тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстарда қаралатынын айтты.