Сенатор Әділбеков ШОБ мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталын құруды ұсынды

3 Ақпан 2022, 11:41
1290
Бөлісу:
Сенатор Әділбеков ШОБ мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталын құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәурен Әділбеков Сенат отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, онда шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру шараларын ұсынды.

Сенатор түрлі әкімшілер кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсететінін атап өтті. Соның нәтижесінде бизнесмендер әртүрлі операторлардың алуан түрлі көптеген көздерінен мемлекет оларға қандай қолдау бағдарламаларын ұсынатыны туралы ақпарат алуға мәжбүр. Бұл, депутаттың пікірінше, бизнес үшін ақпараттың қолжетімділігін төмендетеді, сондықтан кәсіпкерлер тарапынан наразылық тудырады.

ШОБ өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары мен оны көрсетудің шарттары туралы әртүрлі бағдарлама операторларынан ақпарат алады. Осылайша, бизнесті мемлекеттік қолдаудың көпқұрылымды тетіктері кәсіпкерлер тарапынан наразылық тудырып отыр. Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметке мемлекеттік қолдау шаралары операторларының санын қысқарту және біріктіру арқылы оңтайландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, - деді Дәурен Әділбеков.

Сенатор осыған байланысты ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталын құру қажет деп санайды, онда кәсіпкерлерге қажетті барлық ақпарат жинақталатын болады. 

Дәурен Әділбеков сауалында сонымен бірге мемлекеттік қолдаудың кейбір бағдарламалары бір-бірін қайталайтынын атап өтті. Депутаттың ұсынысы – Үкімет талдау жүргізіп, бизнесті қолдаудың тиімді шараларын анықтауы керек.

Қазіргі уақытта әр министрлік: ҰЭМ, АШМ, ИИДМ, ЕХӘҚМ және басқалар ШОБ-ті мемлекеттік қолдау шараларын әр жақтан басқарып отыр. Барлық салаларда көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бойынша бірде-бір мемлекеттік орган толық ақпарат бере алмады, әрбір мемлекеттік орган тек өз саласында ғана ақпаратқа ие. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың қарапайым, түсінікті тетіктері бар бірыңғай қағидалары қажет, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы