Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының ұйымдастыруымен өтетін журналистер арасындағы «Аманат» байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев хабарлады.
Қазіргі таңда байқау комиссиясы құрылып, оған бірқатар Сенат депутаттары мүше болды. Оның ішінде өздері де белгілі журналистер Нұртөре Жүсіп, Дана Нұржігіт және Айгүл Қапбарованың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Байқау барысында Мемлекет басшысы қолға алған жаңғыру бағдарының іске асырылу барысын және заң шығару қызметін сараптайтын үздік материалдар анықталады. Биыл телевизия, баспасөз, радио және электронды БАҚ салаларына қатысты дәстүрлі жүлделерден бөлек, белгілі қазақстандық журналистер Нұртілеу Иманғалиұлы мен Михаил Дорофеевті еске алуға арналған арнайы сыйлықтар да тағайындалды - делінген хабарламада.
Байқаудың шарттары мен талаптары Сенаттың ресми сайтында толық көрсетілген.
Жұмыстар 19 мамыр мен 10 маусым аралығында қабылданады. Жеңімпаздардың есімдері журналистер күні қарсаңында белгілі болады. Мұндай байқаулар журналистер үшін бағын сынап көруге жақсы мүмкіндік екені сөзсіз. Сондықтан журналистерді белсенділік танытуға шақырамыз - деді Мәулен Әшімбаев.