Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске қайтарды

23 Қазан 2025, 11:08
566
Бөлісу:
 Сенаттың баспасөз қызметі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың кеңейтілген отырысында депутаттар "Жасанды интеллект туралы" заңды Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түзетуге сәйкес, жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иегерлері мұндай қатерлерді болғызбау үшін нұқсанды да болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауы керек. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және көрсетілген баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады, - деді Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Айта кетейік, қаралған заң жобасы жасанды интеллект саласын реттейтін құқықтық негізді қалыптастыруға, оның қауіпсіз әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инновациялық бастамаларды дамытуға бағытталған.

Құжаттың басты міндеті – жасанды интеллектті реттеуге қатысты негізгі ұғымдар мен қағидаларды айқындау, оның жұмыс істеу тетіктерін нақтылау. Сонымен қатар заңда жасанды интеллект жүйелерін жіктеу тәртібі, оларды қауіпсіз пайдалану талаптары және ұлттық жасанды интеллект платформасының құқықтық негіздері белгіленеді.

Заң жобасында заңдылық, әділдік, ашықтық, жауаптылық, адамның басымдығы, деректерді қорғау және қауіпсіздік сияқты мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары бекітіледі.

Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект жүйелері үш негізгі көрсеткіш бойынша жіктеледі:

Тәуекел деңгейі бойынша:

Тәуекелі төмен жүйелер – олардың істен шығуы немесе жұмысының уақытша тоқтауы пайдаланушыларға айтарлықтай әсер етпейді;

Тәуекелі орташа жүйелер – мұндай жағдайда қызмет тиімділігі төмендеуі, моральдық немесе материалдық залал келуі мүмкін;

Тәуекелі жоғары жүйелер – олардың бұзылуы азаматтардың қауіпсіздігіне, экономикалық тұрақтылыққа немесе қоғам тіршілігіне елеулі қауіп төндіреді, төтенше жағдайға алып келуі ықтимал.

Дербестік деңгейі бойынша:

Төмен дербестік – шешім қабылдауды адам жүзеге асырады, ал жүйе тек ұсыныс береді;

Орташа дербестік – жүйе шешім қабылдайды, бірақ адам оны түзете алады;

Жоғары дербестік – шешім қабылдау процесі толықтай автоматтандырылған, адам араласпайды.

Пайдалану режимі бойынша:

Ашық жүйелер – еркін пайдалану мен өзгертуге қолжетімді;

Жабық жүйелер – тек пайдаланушы келісімі аясында қолданылатын, қолжетімділігі шектеулі;

Жергілікті жүйелер – жалпы желілерге қосылмай, шектеулі деректерді өңдеу үшін оқшауланған жағдайда жұмыс істейді.

Сонымен қатар заң жобасында жалған ақпараттың таралуының алдын алу мақсатында жасанды интеллект өнімдерінің нәтижесін машина оқитын форматта міндетті түрде таңбалау тетігі енгізіледі.

Құжатта жасанды интеллекттің ұлттық платформасы негізгі инфрақұрылым ретінде айқындалып, модельдерді әзірлеу мен дерекнаманы қалыптастыру тәртібі реттеледі.

Заңда жасанды интеллект жүйелерінен келтірілген зиянды өтеу және оларды пайдаланумен байланысты тәуекелдерді сақтандыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен бірге тәуекелі жоғары жасанды интеллект жүйелерінің тізбесін жүргізу тәртібі де нақты белгіленеді. Заңда жауапкершілікті сақтандырудың ерікті түрін қолдануды алып тастау қарастырылып отыр. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ерікті түрде сақтандырумен қатар жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және оларды пайдалануға байланысты тәуекелдерді міндетті түрде сақтандыруды қолдану ұсынылады, - деді сенатор Алдашев.

Өзгелердің жаңалығы