Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы министрліктің қызметімен танысты

9 Қазан 2021, 11:10
768
Бөлісу:
Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы министрліктің қызметімен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында вице-министр Болат Тлепов Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының алтыншы отырысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысқан болатын. Сол кезде кездесу барысында қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін, Қазақстандағы медиасфераның жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Бүгінгі кездесу барысында клуб мүшелері министрліктің қызметімен және де уәкілетті жетекшілік ететін бағыттармен танысуды жалғастырды.

Бүгінгі таңда ғылыми-сараптамалық қауымдастық маңызды шешімдерді әзірлеуге әсер ететін қоғамдық-саяси процестің белсенді қатысушысына айналып отыр. Заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында біз әрқашан сарапшылардың пікіріне сүйенеміз. Сондықтан біз идеологиялық жұмысты үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде еліміздегі сарапшылар қауымдастығын дамытуға және қолдауға мүдделіміз, — деді вице-министр Тлепов.
Министрлік тарапынан ведомствоның құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету шаралары туралы министрліктің Мемлекет және қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимов баяндады. Ал Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі шаралар, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ осы саладағы заңнамалық жұмыстар туралы айтып берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалары мен бағыттарын жүзеге асыру туралы өзекті ақпаратпен ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова бөлісті.

Өз кезегінде Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Жанар Тулиндинова:

Жас сарапшылар клубы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты – заңнамалық нормаларды жетілдіру және де жалпы қоғамды одан әрі жаңғырту үшін жас сарапшыларды тарту. Қазіргі уақытта біз әлеуеті өте үлкен жас сарапшыларды өз қатарымызға шақырудамыз, — деді.

Ғылыми-сараптамалық қауымдастық маңызды шешімдерді әзірлеуге әсер ететін қоғамдық-саяси процестің белсенді қатысушысы болды деуге негіз бар.

Іс-шара барысында сындарлы диалог және пікір алмасу болды.



Өзгелердің жаңалығы