Қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "Túrkistan" халықаралық газетінде жарық көрген "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында айтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мақалада ұлттық сананы жаңғырту, азаматтық бірегейлікті нығайту және ұлт сапасын арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Сенат төрағасының айтуынша, өзгерістердің тереңдеуі ұлттың болмысын жаңғыртып, заманауи әрі тұтас қоғам қалыптастыруды көздейді.
Мақалада айтылғандай, ұлттың жаңа сапасы – жаһандық үрдістерге бейімделе алатын, ұлттық тамырынан ажырамаған саналы азаматты тәрбиелеу. Осы мақсатта Әшімбаев Қазақстанда қолға алынып жатқан бастамалар – білім беру жүйесін жетілдіру, цифрлық мәдениетті дамыту, қоғамдық құндылықтарды нығайту сынды бағыттармен ұштасатынын атап өтеді.
Сенат төрағасы ұлттық жаңғыруды этномәдени ерекшеліктер мен жаңа өркениеттік талаптарды сабақтастыра отырып жүргізу қажеттігін алға тартады.
Мақалада сонымен қатар, реформалардың табысты болуы қоғамдағы әрбір адамның белсенділігі мен саналық деңгейіне тікелей байланысты екені де көрсетілген. Яғни, өзгерісті тек жоғарыдан күту емес, оны қоғамның өзі де қалыптастыруға үлес қосуы қажет.
Бұған дейін Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жоғарыда аталған мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болғанын жаздық.