Сенат төрағасы мәслихат хатшыларымен кездесті

19 Қараша 2021, 22:37
912
Бөлісу:
Сенат төрағасы мәслихат хатшыларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының хатшаларымен, Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және «Өңір» депутаттық тобының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктері және жергілікті өкілді органдардың өңірлердің дамуындағы рөлі сөз болды.

Президентіміздің елімізді жаңғырту бағдары Тәуелсіздігімізді нығайтуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған. Соның аясында жүйелі реформалар іске асырылуда. Мемлекет басшысының барлық бағдарламалары мен бастамаларының өңірлерде табысты орындалуында Мәслихаттардың рөлі ерекше, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикері ел Президенті биылғы Жолдауда өңірлердің дамуына қатысты бірқатар міндеттерді белгілеп бергенін айтып, оларға кеңінен тоқталып өтті. Оның ішінде қалалар мен ауылдарды жүз пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету, еліміздің «ішкі байланысын» арттыру, өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешу және тағы басқа басымдықтар бар. Сенат Төрағасы бұл міндеттер жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратынын тілге тиек етті.

Бұл ретте бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау және Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу мәслихаттардың міндеті екені белгілі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шараға қатысушылар моноқалалардың дамуына қатысты мәселелерді де кеңінен қозғады. Олар бұл мәселе жергілікті бюджет пен өңірдің даму жоспары бекітілген кезде басты назарда болу керектігін айтты.

Сонымен қатар Президентіміздің елімізді жаңғырту реформаларының басымдықтары да әңгімеге арқау болды. Соның аясында қатысушылар жергілікті өкілді және атқарушы биліктің дербестігін арттыру, өкілеттіктерді орталықтан жергілікті деңгейге беру және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруды нығайту мәселелеріне айрықшы тоқталды.

Биыл елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Соның нәтижесінде 800-ден астам ауылдың әкімі сайланды. Нәтижесінде олардың жартысы дерлігі жаңарды. Ауыл әкімдерін сайлау институтын енгізу азаматтарды жергілікті билікті қалыптастыруға жұмылдырудың маңызды тетігі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері Палата жұмысының ең басты басымдығы ел Президентінің жаңғыру бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету екенін айтты.

Сонымен бірге сенаторлар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да баса мән беріп отыр. Мәулен Әшімбаев өңірлердің дамуы Сенат депутаттарының үнемі басты назарында екенін атап өтті.

«Өңір» депутаттық тобының құрамы жаңарып, жаңа жұмыс жоспары қабылданды. Соған сәйкес Топ депутаттары өңірлерге барып, өздеріңізбен және тұрғындармен кездесіп, жергілікті халықты алаңдатқан мәселелерге басымдық беретін болады. Нәтижесінде өңірдегі мәселені республикалық деңгейде шешудің жолдарын ұсынады. Топ жұмысындағы басымдықтардың қатарында ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көші-қон және тағы басқа мәселелер бар. Сондай-ақ бұл бағытта Сенат жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің де маңызы жоғары. Кеңес мүшелері мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жиі кездесіп, заң жобаларын бірлесіп талқылауға мүмкіндік мол, – деді ол.

Мәулен Әшімбаев Мәслихат хатшыларын аталған алаңдарды өңірлердегі мәселелерді шешуде, заңнамалық жұмыста, Мемлекет басшысының саясаты мен қабылданған заңдардың маңызын түсіндіруде тиімді пайдалануға және Сенатпен бірлесіп жұмыс істеуде белсенділік танытуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы