Бүгін Сенатта "Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыс барысында қатысушылар мүдделі тараптармен бірге күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ іс-шарада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, еңбек адамдарын қолдаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуге және жұмыс берушілердің кадр даярлау процесіне қатысуын кеңейтуге қатысты маңызды ұсыныстар айтылды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті.
Соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау, сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек адамының мәртебесін арттыру және экономиканы әртараптандыру арқылы ішкі жалпы өнімді ұлғайту сияқты басымдықтар айрықша мәнге ие.
Сонымен қатар Палата Спикері білікті мамандарсыз экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылықты және серпінді дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес екеніне назар аударды. Сондықтан кадр даярлау мәселесін жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру аса маңызды.
Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға баса мән беріп отыр. Бұл – білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек идеологиясын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет, – деді Мәулен Әшімбаев.
Білікті кадрлардың, оның ішінде негізінен техникалық мамандықтардың тапшылығына, өңірлік және демографиялық дамуда теңгерімнің болмауына, сондай-ақ, ауылдан қалаға көшетіндердің көптігіне байланысты туындаған түйткілдер аталған саладағы өзекті мәселелер ретінде атап өтілді. Тыңдау кезінде білім беру саласы еңбек нарығының заманауи талаптарына сай болуын қамтамасыз ету, жекелеген бағыттарда жалақының төмендігі, өндірісте қауіпсіздік ережелерін сақтамау мәселелері де жан-жақты талқыланды. Осы ретте бұл проблемаларды оңтайлы шешу және жағдайды жақсарту үшін жүйелі тәсіл мен мемлекеттің, жұмыс берушілердің, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарады.
Қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген жас кадрлардың жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті, әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттау қажет. Жұмысшылар табысының тұрақты өсуіне жағдай жасайтын өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға баса мән берген жөн. Соның ішінде заманауи технологияларды енгізудің және цифрландырудың мәні зор. Осы саладағы маңызды міндеттердің тағы бірі – өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте Парламент депутаттары тиісті заңдарды уақтылы қабылдап келе жатқанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту, алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажет, – деп, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта да Парламент қажетті бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Парламенттік тыңдау барысында сенаторлар сарапшылармен, халықаралық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бірге еңбек адамдарын қолдауға арналған мамандандырылған бағдарламалар әзірлеу мәселесін талқылады. Бұл бастама кадрлар, жұмыс берушілер және білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Талқылау кезінде колледждердің қызметіне қатысты түйткілдерді бірлесіп шешу, бизнеспен бірге техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, цифрлық экономика дәуіріндегі еңбек нарығының сын-қатерлерін еңсеру, сондай-ақ, тау-кен-металлургия кешеніндегі еңбек ресурстарын дамыту стратегиясы туралы сөз болды.
Іс-шараға қатысушылар барлық мүдделі тарап Мемлекет басшысы ұсынған жаңа еңбек идеологиясын дәріптеуге белсенді қатысудың маңызды екенін атап өтті. Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бұл жұмыс тек білім беру жүйесінің деңгейінде ғана емес, сонымен қатар еңбекті насихаттау және еңбек адамдарын құрметтеудің жаңа дәстүрін қалыптастыру арқылы кешенді түрде жүргізілуі керектігіне назар аударды. Тыңдау кезінде айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті ұсынымдарды әзірлеу барысында ескеріліп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады.
Парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен еліміздегі жетекші кәсіпорындардың сарапшылары және басқа да мүдделі тараптар баяндама жасады.