Сенат төрағасы Италия елшісімен кездесті

25 Ақпан 2022, 17:08
1780
Бөлісу:
Сенат төрағасы Италия елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марко Альбертимен кездесті.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаңарту саясатын іске асыру аясында қолға алынған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттағы шараларға тоқталып өтті.

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесіне назар аударып, бұл ретте парламентаралық байланысты нығайту да маңызды екенін тілге тиек етті.

Біздің елдеріміздің заң шығару органдары арасындағы қарым-қатынас серпінді дамып келеді. Оған екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтары берік негіз болып отыр. Екі жақ та мүдделі мәселелер бойынша осы топтардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Сондай-ақ Қазақстан депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы және Парламентаралық Одақ аясында Италия парламентшілерімен көпжақты байланыстарды дамытуға мүдделі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Италияның Қазақстандағы елшісі де екі елдің парламентаралық қарым-қатынасын арттырудың маңызды екенін атап өтті. Дипломат өз сөзінде ресми Рим Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған реформаларын толық қолдайтынын және оларды уақтылы шаралар деп есептейтінін жеткізді. Марко Альбертидің айтуынша, Италия Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында Қазақстанның атқарып отырған қызметін жоғары бағалайды.

Сонымен қатар кездесуде инновация, білім беру және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.

Сенат төрағасы Қазақстан Парламентінің депутаттары елімізге италиялық инвестицияны одан әрі тартуға жәрдемдесуге және қажет болған жағдайда инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қосымша заңнамалық шаралар қабылдауға дайын екенін де айтты.

Өзгелердің жаңалығы