Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Збигнев Раумен кездесті.
Мәулен Әшімбаев әңгіме барысында Қазақстанда жүзеге асып жатқан қоғамдық-саяси саладағы жүйелі реформалар туралы айтып берді. Сенат Төрағасы алға қойылған бастамалар еліміздің қолданыстағы саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін және ауқымды конституциялық реформа жүргізуді көздейтінін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев сондай-ақ Конституцияға енгізуге ұсынылған негізгі өзгерістерге және ел дамуының қазіргі тарихи кезеңінде референдум өткізудің маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды. Сенат Төрағасы Қазақстан референдумды еліміздің заңнамасы мен халықаралық нормаларға сәйкес ашық әрі айқын түрде өткізуге ниетті екенін атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға қосылғанына биыл 30 жыл толатыны атап өтілді. Тараптар осыған байланысты сындарлы ынтымақтастықты, оның ішінде парламенттік өлшем аясында одан әрі дамытуға ықылас білдірді.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы ЕҚЫҰ-ның бар кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесуде депутаттардың бірлескен жұмысы үшін зор әлеуетке ие. Қазақстандық парламентшілер Ассамблея сессияларына тұрақты негізде қатысып келеді. Қазақстан Парламентінің Сенаты ЕҚЫҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен белсенді әрі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын, - деді Мәулен Әшімбаев.
Жүздесушілер Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелерін қозғады, сондай-ақ алдағы кезеңде елдер арасындағы өзара қарым-қатынастардың нығаюына сенім білдірді.