Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі Абдул Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Съезд Хатшылығының ХХІІ отырысына қатысу үшін елімізге келген Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі Абдул Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесті.
Онда тараптар дінаралық және конфессияаралық диалогты дәріптеу мәселелерін талқылап, алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына назар аударды.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасы Съезд мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосқанын атап өтіп, мейманға Хатшылықтың XXII отырысына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы доктор Мұхаммед бен Абдель Карим Әл-Исаның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде сөйлеген сөзі Форумның беделін арттыра түскенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар тараптар Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясындағы міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, құжат аясындағы бірлескен жұмыстың басым бағыттары және келесі жылы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен өтетін VIII Съезге қатысты мәселелер сөз болды.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевқа ауқымды іс-шараға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, Форумның әлемдік қоғамдастықтағы маңызы зор екенін айтты. Одан бөлек, Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі әлемде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін танытты.