Бүгін Сенат отырысында "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның негізгі мақсаты - 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау. Аталған келісімге 2021 жылғы 28 мамырда Минскте ТМД-ға қатысушы 11 елдің 8-і қол қойған. Олар: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Заң сонымен қатар, осы мемлекеттері азаматтарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Келісім аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ төтенше жағдайларға байланысты инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі келісілген іс-шараларды жүргізуді көздейді. Аурулардың толық тізбесі осы Келісімнің қосымшасында айқындалған. Бұған дейін, 2001 жылғы Келісімдегі тізбеге 18 аурулар кірсе, осы Келісімде – 24-ке көбейтіліп, халықаралық медициналық-санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес келтіріліп отыр. Келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес бақылауға жататын тауарлардың тізбесі де қайта қаралып, Еуразиялық экономикалық одағының елдерінде бақылауға жататын тауарлардың бірыңғай тізбесімен сәйкестендірілді, - деді сенатор Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар, келісімде тараптарды жедел хабардар ету, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуде практикалық, техникалық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелері айқындалған.
Келісімді ратификациялау аса қауіпті аурулардан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді және еліміздің халық денсаулығына оң септігін тигізеді, - деді сенатор.