Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бір палаталы Парламент құруға қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бір палаталы Парламент – еліміздің демократиялық дамуы үшін жаңа институт болады.
Әңгіме жай ғана механикалық өзгеріс туралы емес. Бұл – жаңа, біртұтас бір палаталы Парламент қалыптастыру мәселесі. Оның өкілеттіктері біріктіріледі, депутаттарды сайлау тәртібі өзгереді, тіпті депутаттар саны да қайта қаралуы мүмкін. Бұл – еліміздің саяси жүйесі аясында қалыптасатын жаңа институт болады деп ойлаймын, - деді Сенат төрағасы кулуарда.
Сонымен қатар ол Парламентті қайта құру – елдің демократиялық дамуындағы жаңа қадам деп отыр.
Біз сенеміз, егер бұл бастама кеңінен талқыланып, жалпыұлттық референдум арқылы халық тарапынан қолдау тапса, ол Қазақстанның одан әрі демократиялық дамуы үшін аса маңызды жаңа қадамға айналады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 8 қыркүйекте жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құрылуы мүмкіндігін айтты.