Сенат сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобалары уақтылы және қажетті кезде қаралып отыр.
Сенатор Советбек Медебаевтың айтуынша, мемлекеттің бағдарламалық құжаттарынан сот жүйесін жетілдіруге, судьялар корпусының кәсіпқойлығы мен олардың тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін сот реформасын жалғастыру, қажетті құқықтық тетіктерді әзірлеу міндеттері туындайды.
Ол палаталардың қарауына енгізілген заңнамалық түзетулер осы міндеттерді орындау жолындағы маңызды үлес деп есептейді.
Атап айтқанда, аудандық соттар төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды судьялардың өздері іріктеу кезінде сайлау тетіктерін қолдану аудандық соттар төрағаларының лауазымы беделін өсіруді және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бос лауазым орындарын лайықты кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешеді деп ойлаймын. Ал кадрлық және ұйымдастыру сипатындағы өзге де мәселелерді Жоғарғы Соттың құзыретінен Жоғары Сот кеңесінің қарамағына беру сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені сот жүйесіне сот төрелігін жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударуға жағдай жасайды, - деді сенатор отырыста.
Медебаевтың сөзіне қарағанда, судьяларға қатысты арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын санкциялауды Бас прокурорға беру судьялардың тәуелсіздігі кепілдігін арттырады және құқық қорғау органдарының оларға қысым жасау тетігін болдырмайды.
Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобаларын дауысқа салып, бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобалары бүгін екінші оқылымда сағат 14.00-де қаралады.