Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 12 тамызда өтетін Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына ұсынылған 94 кандидаттың 58-ін тіркеді. Орташа есеппен бір орынға 3 үміткерден келеді. Өңірлер арасында ең көп кандидаттар саны Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысында болып отыр (5 адам тіркелген), - дейді ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.Оның айтуынша, 58 үміткердің арасында 48 ер, 10 әйел бар. Бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда әйелдердің саны артқан.
Мысалы, 2017 жылғы сайлауда 47 (90,7%) ер мен 5 (9,3%) әйел, 2014 жылы 51 (96,1%) ер мен 2 (3.9%) әйел) болды. Әйелдердің саяси белсенділігі артып келе жатыр. Үміткерлердің арасында - 19 инженер, 13 экономист, 8 педагог, 7 аграрлық сала қызметкерлері, 5 дәрігер, 3 заңгер, 1 саясаттанушы бар. Ал қалған екеуі басқа сала өкілдері, - дейді комиссия төрағасы.