Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында медициналық бұйымдарға қатысты заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Палата отырысында сенаторлар «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 4 Хаттамамен мақұлданды. Сонымен қатар қалған екі Хаттама мемлекетішілік келісу мен қол қою кезеңінде. Қаралып отырған №1 Хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдарға Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркемей Қазақстан Республикасы аумағында еркін айналыста болуына мүмкіндік береді, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Айтуынша, ұлттық заңнамаға сәйкес 10 мың медициналық бұйым тіркелген. Оларды Еуразиялық экономикалық одақ аясында қайта тіркеудің қажеті жоқ.
Бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы медициналық бұйымдар айнылымына қатысты жекелеген мәселерді реттеуге арналған. Жаңа нормалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді сапалы медициналық бұйымдармен жүйелі негізде қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.