Сенат кедендік рәсімдерді оңайлататын заң қабылдады

4 Мамыр 2023, 11:01
639
Бөлісу:
Сенат кедендік рәсімдерді оңайлататын заң қабылдады
Фото: gov.kz

Сенат «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, бұл келісімге 2022 жылғы 19 сәуірде Еуразия экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған.

Қазіргі уақытта Одаққа мүше барлық мемлекет құжаттар күшіне енуі үшін қажетті ратификациялау туралы рәсімдерді аяқтады.

Еуразия экономикалық одақ туралы шарттың 25-бабына сәйкес, одаққа мүше мемлекеттердің кеден одағы шеңберінде, бірыңғай кедендік реттеуі жүзеге асырылады. Сондықтан бұл келісім ережелерін қолдану, Одақтың транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Келісімнің мақсаттары сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін кедендік рәсімдерді оңайлатуға және уақыт пен қаржылық шығындарын қысқартуға бағытталған, - деп түсіндірді сенатор.

Сонымен қатар кедендік және өзге төлемдерді төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз ету жүйесінің қолжетімділігін және қаржылық сенімділігін арттыру - келісім мақсаттарының басымдылығы.

Мәкежанов келісімнің ерекшеліктерін де атап өтті.

Біріншіден, транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз етумен жұмыс тәжірибесі бар және белгіленген өлшемдерге сай келетін декларанттар үшін оңайлатуларды қолдану мүмкіндігін көздейді. Мұндай декларанттар бірнеше транзиттік декларациялар бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кеден баждарының, осындай тауарларға қатысты төленуге жататын салықтардың сомасынан аз мөлшерде (20%-ға) қамтамасыз етуді ұсына алады, - деп айтты сенатор.

Екіншіден, Ұлттық кепілгерлер деп танылған кепілгерлер үшін оңайлатуларды қолдану мүмкіндігін көздейді. Бұл тұлғалар, белгілі бір шарттар сақталған кезде, қаржылық кепілдік мөлшерінің 10%-дан 100%-на дейін оңайлатуды қолдана алады.

Яғни келісім транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру кезінде сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылардың шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының аталмыш келісімді қабылдауы бизнеске «Кепілгерлік» институтын дамытуға және қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде тауарларды тасымалдау кезінде ұлттық тасымалдаушылар үшін, заманауи озық тәжірибелерді қолдануға жағдай жасайды.

Сенат осы мәселеге қатысты қаулыға бірауыздан дауыс берді.

Өзгелердің жаңалығы