Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат: Электрондық сауда тауарларына декларация жасалады

25 Қыркүйек 2025, 10:29
670
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенат Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізетін заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңдағы нормалар электрондық сауданы реттеуге қатысты болып отыр.

Онда "электрондық сауда операторы" және "электрондық сауда арқылы алынатын тауарлар" ұғымдары бекітілді. Енді мұндай тауарларды электрондық кеден декларациясы арқылы жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ электрондық сауда қатысушыларына арнайы кедендік рәсімдерді қолдану мүмкіндігі енгізілді. Бұл тауарларды рәсімдеу уақытын қысқартып, әкімшілік жүктемені азайтады.

Құжаттың негізгі мақсаты – 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербургте ЕАЭО-ға мүше елдердің басшылары қол қойған хаттаманы ратификациялау. Ол электрондық сауда шеңберінде сатып алынатын тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу тәртібін реттеуді көздейді, - деп атап өтті сенатор Бекбол Орынбасаров.

Хаттамаға сәйкес:

халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жеке тұлғаларға жеткізілетін тауарлар бөлек санатқа – "электрондық сауда тауарлары" ретінде бөлінеді;

"электрондық сауда операторы" ұғымы енгізіледі;

жаңа кедендік құжат – "электрондық сауда декларациясы" бекітіледі.

Заң ЕАЭО елдерінде бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етіп, кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін трансшекаралық операцияларды жеңілдетуге жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы