Сенат: Елбасы туралы заңның күші ертең жойылады

12 Қаңтар 2023, 11:39
827
Бөлісу:
Сенат: Елбасы туралы заңның күші ертең жойылады

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикер кеше күші жойылды деген ақпарат тараған «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңға қатысты айтты.

Үш апта бұрын регламентті қарап, Сенаттың регламентіне тиісті өзгеріс енгізілді. Соның аясында біз «Құрметті сенатор» атағын регламенттен алып тастадық. Енді бізде ондай институт жоқ. 2022 жылы өткен референдумда бүкіл халық қолдап, Конституциядан Елбасына қатысты нормалар алынып тасталды. Ертең «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заң күшін (Парламент палаталарының бірлескен отырысында – ред.) жоятын болады, - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңда оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы қандай құқықтар берілетіні қамтылған. Атап айтқанда: 

  «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі», - делінген. 

Өзгелердің жаңалығы