Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тану мәсеелсін қарастырады. Бұл ретте, құжаттың нормаларына сәйкес мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалы болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
Келісімді іске асырудан күтілетін нәтижелер: Одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен және шешуші интеграциялық бірлестіктермен тауар қауіпсіздігі мен тауар айналымын дамытудағы мүдделер теңгерімін сақтай отырып, саудадағы техникалық кедергілерді өзара жоюдың тетіктері мен шарттары арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру; өнімдерге қойылатын талаптарға баламалы көрсеткіштер бойынша қосымша сынақтар жүргізбей үшінші елдердің нарықтарына тауарларды шығару мүмкіндігі; өзара саудадағы тауардың түпкі құнына әсер ете отырып, кәсіпкерлер үшін қаржылық шығындарды азайтуды көздейді, - деді Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.
Ал Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстаннан үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлар экспортының өскенін алға тартты.
Алдын ала болжамдар бойынша үшінші елдерге экспорттың үлесі, оның ішінде келісімнің қабылдауына және оны одан әрі іске асыруға байланысты 10 пайызға артуы мүмкін. Келісімде қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілген. Соған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді, - деді ведомство басшысы.
Сенаторлар заң жобасын талқылаған соң бірауыздан мақұлдады.