Сенат ЕАЭО аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған құжатты мақұлдады

28 Наурыз 2024, 10:33
551
Бөлісу:
Сенат ЕАЭО аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған құжатты мақұлдады
Фото: скриншот

Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары хаттамаға қол қойды. Бұл - ЕАЭО туралы шартқа ұсынылған үшінші кешенді өзгерістер жиынтығы.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа барлығы 32 түзету енгізіледі. Түзетулер техникалық реттеуге, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, тарифтік емес реттеуге, бәсекелестікке, мемлекеттік сатып алуға қатысты, - деді сенатор Арман Өтеғұлов.

Ол шартқа енгізілетін түзетулерді де атап өтті.

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды мүше мемлекеттердің енгізу мүмкіндігі ескерілген. Осы ретте мүше мемлекет бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны, ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерін хабардар етеді және кедендік аумақта осындай шараны енгізу туралы ұсыныс жасайды.

Екіншіден, ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану нормалары енгізіледі. Бұл электрондық форматта өткізілетін сатып алуларға қатысуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтады және тауар өндірушілеріміздің экспортқа шығу мүмкіндіктері артады. Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мүше елдер мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін ұлттық заңнамаға сәйкес дайындалған электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара танитыны жарияланған. Осыған байланысты бұл қағидаларды бекітуге Комиссия Кеңесіне тиісті құзыретті беру көзделген. Қағидаларды қабылдауға Комиссия Кеңесінің өкілеттіктерінің болмауына байланысты осы түзетулерді енгізу қажеті туындады. Үшіншіден, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдерін әзірлеу үшін қажет, - деді сенатор.

Оның айтуынша, тауарларды әкелу-әкету кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі.

Қазір лицензия беру ережелері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта жазылған. Оларды түзету қиындық тудырады. Ережені Комиссия Кеңесімен бекіту ұсынылды. Ережеде рұқсат құжаттарын алу рәсімдерін оңайлату қарастырылған. Еуразиялық одақ аясында экономикаларымыз ұштасып, тауар айналымы көпжақты сипатқа ие болып отыр. Уақыт өте келе технологиялар дамып, адам ағзасына зияны болуы мүмкін қозғағыштар да түрленіп, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттерден уақтылы шара қабылдауды талап етеді. Осы мәселерде тәжірибе алмасу арқылы ортақтаса қабылданған шешімдердің тиімділігі жоғары болады деп сенемін, - деді Өтеғұлов. 

Өзгелердің жаңалығы