Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында бір палаталы парламент құру бастамасын көтерді. Қазіргі таңда осы бағытта бірқатар жұмыс басталды. Осы орайда Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай BAQ.KZ-тің YouTube-арнасына сұхбат берді.
Осы уақытқа дейін билік жүйесін жетілдіріп, мемлекеттік құрылымдардың тиімді жұмысы үшін реформалар рет-ретімен жүріп келеді. Мәселен қазір ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Осы орайда парламенттің бір палаталы форматқа көшуі сол реформалардың бір парасы, - деп түсіндірді Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, Сенат өз жұмысынын абыроймен атқарды және әлі де атқара береді.
Сенаттағы 50 депутат мемлекет басқаруда өз үлесін қосып келеді. Олардың басым бөлігі әр аймақ пен өңірдің өкілі екенін де айта кетейін. Бұл өңірлердің мүддесі бірдей қорғалуына мүмкіндік болғаны рас. Ал бір палаталы парламент жүйесіндегі басты мақсат – партиялардың рөлін күшейту. Сол арқылы азаматтық қоғамды күшейту, яғни халықтың мемлекеттік басқарудағы рөлі мен мүмкіндігін кеңейту деп айтуға болады, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Бибигүл Жексенбай халық парламент реформасын референдумда өзі шешетіні туралы айтқан еді.