Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат басшысы Дариға Назарбаева Парламент жоғарғы палатасының өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың парламент алдына қойған міндеттері орындалды, атқарылған жұмыстардың нәтижесін біз мақтан тұтамыз әрі алдағы жылдың қаңтар айында депутаттар ел аймақтарында сайлаушылармен кездесуде ол туралы айтып береді, - деді Сенат төрайымы.
Дариға Назарбаева Сенаттың 2019 жылғы қызметі туралы айта келіп, жоғарғы Палата депутаттарының жұмысы бұрынғыдан да ашық бола түскенін атап өтті: мобильдік қосымша, "Мәслихаттар" веб-порталы іске қосылды, Сенаттың сайты жаңғыртылды. Дариға Назарбаева журналистерге ашықтық саясаты келесі жылы да жалғасатынын айтып, Сенаттың бастамасымен журналистерге арналған конкурстар туралы еске салды.
Келесі жылы Сенат пен экологиялық журналистика саласындағы материалдар негізінде ең жақсы журналистік зерттеуге конкурс өткізу туралы уәдені ұмытқан жоқпыз. Байқау басталды, жұмыстарыңызды жіберіңіздер, зерттеу жүргізіңіздер, шығармашылық талант пен азаматтық ұстаным көрсетіңіздер. Мен бәріңізді белсенді түрде қатысады деп үміттенемін, - деді Сенат төрайымы.
Сенат басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді және журналистердің кәсібилігі мен жеке қасиеттерін атап өтіп, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Сіздің қажырлы еңбектеріңіз, көмектеріңіз үшін алғыс айтамын. Жаңа жыл қарсаңында Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, сәттілік пен табыс тілеймін. Жаңа 2020 жыл құтты болсын! Жарқын мереке баршамыз үшін жақсылықтың бастауы болғай!, - деді Дариға Назарбаева.